Жақында жол апатына түскен павлодарлық зейнеткерге көпшілік ақша жинап берген еді
Павлодарда ескі «Запорожец» көлігімен жол апатына ұшыраған соң танымал болған 85 жастағы Ефим Купин ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек ретінде 4 млн теңге аударды. Бұл туралы зейнеткер Назымхан Назимовтың есімді Instagram қолданушысының парақшасында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ryhy тілшісі.
Бұған дейін өзінің ескі автокөлігімен жол апатына түскен зейнеткер көпшіліктің назарын аударған болатын. Куәгерлер апат болған жерді бейне жазбаға түсіріп, қарияның сынған ескі көлігіне қарап қайғырып тұрған сәтін суретке түсіріп, зейнеткерге көмек беру керек екенін жарыса жазды. Көпшілік зейнеткердің қайғысына бірден үн қатып, көмек жинау үшін шот ашуға көмектесті.
«Егер ескі «Запорожец» көлігімен жол апатына түскен қарияға көмектескіңіз келсе, онда оның жеке каспи картасына ақша аударуыңызға болады. Ешкімді қинамаймыз. Бұл қарияға өз еркімен көмектесетін жандарға арналған есепшот. Ефим Никитичке осы жағымсыз жағдайдан аман-есен шығуды тілейміз. Оның нөмірі – 87713590048», - делінген хабарламалар тарады.
«Қарияның денсаулығы мәз емес, жүрегі ауырады», «Жарайсың!» «Біз біріксек – күшпіз!», «Қария көлігінен және ақшасынан айырылды», «Өкінішті. Көзіме жас келді» деген пікірлер көптеп жазылды.
5 қыркүйекте Семейден келген дәрігер Асылбек Андабаев зейнеткерге су жаңа «Запорожец» сыйлады. Ефим Никитич қазақстандықтарға қайырымдылық үшін алғыс айтып, көпшілік жаңа «Запорожец» алуға жинап берген ақшаны ауру балаларға аударатынын мәлімдеді.
«Маған көмектескендердің бәріне рахмет. Бүгін біз мұқтаж балалардың тізімін жасадық және оларға жиналған қаражатты жіберіп жатырмыз. Қолынан келген көмегін жасаған жандарға алғысым шексіз», - деді зейнеткер.
Қария жол аптында зардап шеккен Toyota автокөлігінің жөндеу жұмыстарына 4,1 млн теңге төлегені белгілі болды. Ал қалған соманы уәде еткендей, үш баланың еміне берген. Зейнеткер одан қалған ақшаны тағы бірнеше балаға беруді жоспарлап отыр.
Зейнеткердің қасында көмек беріп жүрген еріктілер жиналған қаражатты мұқтаж балаларға теңдей бөліп беріп жатыр.
Қаржылай көмек алып үлгерген ата-аналар Ефим Никитичке алғыс айтуда.
«Менің керемет жаңалығым бар. Қызымның еміне кеше ғана ақша жинауды бастаған едік. Қызым тін жасушаларын трансплантациялауға Пелисия қаласына баруы керек. Баламның суретін жариялап, астына «Ғажайыпты күтемін, ол жақындап қалғандай» деп жазғаным есімде. Түстен кейін белгісіз ер адам телефоныма хабарласып, «Желіде танылған Ефим Никитичті танисыз ба?» деп сұрады. Танитынымды айттым. Ол кісі біздің оқиғамызды естіп, шотымызға 2 млн теңге аударыпты. Бұл біз үшін күтпеген ғажайып болды. Алла қаласа, жақында емделуге кетеміз», - дейді ата-аналардың бірі.
«Менің есімім Әсел. Біз қызымызға шунттау жүйесін алуға қаржы жинап жатырмыз. Өкінішке қарай, ақша жинау тоқтап қалды. Бізге Динара есімді қыз хабарласып, Ефим Никитичпен кездесуді ұсынды. Келісім беріп, қарияға жағдайымызды айттық. Ол біздің шотымызға 1 млн теңге аударды. Қариямен кездесуге себепкер болған Динараға және Ефим Никитичке үлкен алғыс айтамыз! Көп рахмет!»,- деді Әсел.
Аталған алғыс хаттарға тағы бір ата-ана қосылды.
«Бүгін алғыс айту хатын жолдағалы отырмын. Біріңіз жақында павлодарлық қарияның жол апатына ұшырағанын естіп, білген шығарсыздар. Жақсы адамдар қарияға көмек беру үшін арнайы ақша жинады. Жиналған ақшаға зейнеткерге көмек көрсетіліп, қалған қаржыны ауыр дерті бар балалардың еміне жұмсауды жөн көріпті. Бағымызға орай, сол тізімде біз де бар екенбіз. Себепкер болып жүрген Динара мен Назымханға алғыс айтамын. Ал ақшаны мұқтаж жандарға беремін деп шешім қабылдаған Ефим Никитичке көп рехмет! Айтарға сөз таппай, қуанып тұрмын. Өзгенің қайғысын түсінетін және көмек беруге асыған жандардың бары қатты қуантады», - деді ата-ана.
Павлодарлық зейнеткердің бұл әрекеті желі қолданушылары арасында тағы үлкен талқыға түсті. Көбі қарияның мейірімділігіне сүйсініп жатыр.