Жыл басынан бері СҚО-да ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы бойынша 13 дерек тіркелді
СҚО-да жыл басынан полицейлерге қатысты күш қолданудың 13 фактісі тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Петропавл полицейлері ерлі-зайыптыларды тыныштандыру кезінде қол кісенін қолдануға мәжбүр болды.
Билік өкіліне қатысты күш қолдану – ауыр қылмыстық құқықбұзушылық, ол үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай жағдайлардың басым көпшілігі көбінесе полиция құқық бұзушылардың маскүнемдік әрекеттерін тоқтатып, оларды медициналық куәландыруға жеткізген кезде жасалады. Ішімдікті асыра сілтеген адамның әрекеттерінің салдары ауыр жайттарға апарып соғуы мүмкін.
Мысалы, маусым айында Петропавл полицейлері ерлі-зайыптыларды тыныштандырып, қол кісенін қолдануға мәжбүр болды. Оқиға сағат 7:00 шамасында қалалық дәмханалардың бірінің жанында болған. Әбден мас болған ер адамның қылығына қарсы полиция әрекет етуге мәжбүр болған. Ер адам медициналық куәландырудан өту туралы заңды талапты орындаудан бас тартқан, сол сәтте әйелі полиция қызметкерінің білегінен тістеп алған.
«Екеуіне де қол кісенін қолдануға тура келді. Сол себепті 38 жастағы қала тұрғыны сотталды. Сот оның қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылып отырғанын ескеріп, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады және осы мерзімге пробациялық бақылау орнатты. ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабына сәйкес, билік өкілдеріне қатысты өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін екенін есте ұстаған жөн», – дейді СҚО ПД Тергеу басқармасының бастығы Қайрат Қасымбеков.
Жыл басынан бері СҚО-да ҚР ҚК 380-бабы бойынша 13 дерек тіркелді.