Жол-көлік апатынан тағы бес адам зардап шекті
Маңғыстау облысында жеңіл көлік жол бойында екі түйеге соғылып, соның салдарынан көліктегі екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Тағы бес адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаменті мәлім еткендей, қайғылы жол-көлік апаты Жаңаөзен – Жетібай – Ақтау тасжолында болған.
«Маңғыстау облысы Қарақия аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне оқиға туралы қоңырау 16 қыркүйекте түсті. ВАЗ 21154 көлігінің жүргізушісі Шетпе ауылына қарай келе жатқанда, екі түйені қағып кеткен. Оқиға салдарынан екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Бес зардап шегуші ауруханаға жеткізілді», - делінген ПД хабарламасында.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабымен қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.