Өскеменде 65 млн теңгенің заңсыз кен тасымалына қатысы бар шенеунік ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

РММ басшысы өзінің қызметтік жағдайын асыра пайдаланған

Фото: ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «ШҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы» РММ басшысын әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Белгілі болғандай, ол 2021-2022 жылдар аралығында өзінің қызметтік жағдайын асыра пайдаланған.

«РММ басшысы пайда табу мақсатында рұқсат етілген салмақтық параметрлерден асып түсетін (артық тиеумен) кенді тасымалдаумен айналысатын үлестес ЖШС-ны әкімшілік жауапкершіліктен алып тастаған. Бұл өз кезегінде бюджетке 65,5 млн теңге сомасында алымдар түспеуге әкеп соққан», - делінген хабарламада.

17 қыркүйекте Өскемен қаласының тергеу соты күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген ведомство хабарламасында.