Тергеу барысында екеуі де шығынды өтеп, кінәсін мойындады
Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі мекемесінен 10 миллионға жуық бюджет қаражатын ұрлаған есепшілерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Экономикалық тергеу департаментінің мамандары анықтағандай, мекемеге бөлінген миллиондаған қаржы игерілмей қалғандықтан, есепшілер ақшаны өзіне қалдырып, жалған есеп өткізген.
«Экономикалық тергеу департаменті бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша мемлекеттік мекеменің есепшілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Олар 2018-2021 жылдар аралығында мекеменің есеп айырысу-төлем актісіне жалған мәліметтер енгізу арқылы 9 791 391 теңгені жымқырды деген күдікке ілінді», - деді Шымкент қалалық экономикалық тергеу басқармасының басшысы Камилхан Исмаилов.
Бухгалтерлердің бірі 6,5 миллионнан, екіншісі 3 миллионнан астам теңгені жымқырып қалған. Алайда тергеу барысында екеуі де шығынды өтеп, кінәсін мойындады.
Әйелдердің жас балалары барын және олардың әрекетінде сыбайлас жемқорлықтың жоқ екенін негізге ала отырып, сот екі есепшіге екі жылға бас бостандығын шектеу және қоғамдық жұмыстарға тарту туралы үкім шығарды.