Қостанай облысындағы өрт: Орман шаруашылығының басшысы қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды

Фото: ашық дереккөзден

Қостанай облысында Орман шаруашылығының басшысы қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қостанай облысының прокуратурасымен осы жылдың 13 қыркүйегінде «Басаман орман шаруашылығы мекемесі» КММ-нің басшылығына қатысты ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы)», - делінген хабарламада.

Сол күні мекеме басшысы Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы тәртібінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

15 қыркүйекте сотпен мекеме басшысына қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді.

Тергеу жалғасуда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.