Қазіргі уақытта айыпталушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Павлодарда жат ағымдағы ерлі-зайыптылар есірткі таратумен айналысқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, телеграмм мессенджеріндегі интернет-дүкен арқылы есірткіні өндіру мен өткізудің ірі арнасының жолы кесілді. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында діни деструктивті ағымның жақтаушылары қатарындағы ерлі-зайыпты ұсталды.
"Ер адам қылмыстық іс-әрекеттің ұйымдастырушысы бола отырып, Павлодар облысы мен Алматы қаласында есірткіні сатуды жүзеге асырып келген. Өзі интернет-дүкеннің әкімшісі және операторы функцияларын атқарса, жұбайы кепілгерлер мен өңіраралық курьерлердің қызметін басқарады деген күдікке ілінген", - деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Тінту іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері 6,7 келіден астам үнді сорасын, тыйым салынған заттарды өлшеп-орауға арналған полиэтилен пакеттерін, оқшаулағыш таспа, таразы және калькулятор тәркіледі.
Қазіргі уақытта айыпталушыларға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 297-бабының 1,3-бөліктерінде көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді.