Павлодарда терезеден құлап кеткен 2 жасар бала ауруханада көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері облыста кәмелетке толмағандардың терезеден құлауының 10 дерегі тіркелді

Фото: ашық дереккөзден

Папвлодарда терезеден құлап кеткен 2 жасар бала ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

7 қыркүйек күні Павлодар қаласының Облыстық балалар ауруханасында 2020 жылы туған сәби қайтыс болды. Анықталғандай, бала 06.09.2022 жылы М.Жүсіп көшесіндегі үйдің 8-ші қабатында орналасқан пәтердің терезесінен құлап, жарақат алған. Терезеге маса, шыбын-шіркейден қорғаныш торы ғана орнатылған екен.

«Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды»,-деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.  

Жыл басынан бері Павлодар облысында кәмелетке толмағандардың терезеден құлауының 10 жағдайы тіркелді, екі жағдайда екі бала қайтыс болды. Көп жағдайда жазатайым оқиғалар мектеп жасына дейінгі балалармен болады. Ата-анасы немесе туыстары үйде болғанына қарамастан,   балалар қысқа уақыт қараусыз қалып, терезеге көтеріліп, жұқа  қорғаныш торына сүйеніп, нәтижесінде құлап кетеді. Барлық жағдайларда терезе алды жақтауына кедергісіз шығу мүмкіндігі байқалды: терезе жанында орындық, төсек немесе диван тұрған.

Полицейлер қала мен облыс тұрғындарына қырағы болуды ескертеді: 

  •  терезелерді ашық қалдырмаңыз;
  •  терезелерге металл торларды орнатыңыз;
  •  терезе жанында жиһаз қоймауға тырысыңыз, оның көмегімен бала терезе алды тақтайына өздігінен көтеріле алады;
  •  балалар терезені өз бетінше аша алмайтындай етіп құлыптап, мықты бекітілуін тексеріңіз;
  •  баланы тіпті қысқа мерзімге қараусыз қалдырмаңыз. Балаға терезеге көтеріліп, терезені ашу үшін 10-20 секунд жеткілікті.