Киллер де ұсталды: Қазақстанда трансұлттық қылмыстық топ қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Ұсталғандарға қатысты “күзетпен ұстау” түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды

ІІМ қызметкерлері трансұлттық қылмыстық топтардың 11 қатысушысын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті жедел әрекет барысында Бас прокуратураның көмегімен өзара қырғиқабақ болған екі трансұлттық қылмыстық топтың жолын кесті.

«Олар өз ұлтының кәсіпкерлеріне заңсыз алым салып, олардың арасында қылмыстық идеялар мен ұрылардың ұстанымдарын енгізуге әрекеттенген», - делінген хабарламада

Алматы, Атырау, Петропавл, Ақтау қалалары мен Жамбыл облысының аумағында ІІМ-нің арнаулы мақсаттағы бөлімшелерінің қатысуымен жүргізілген арнайы операция кезінде жедел қызметкерлер қылмыстық топтардың 11 мүшесін, соның ішінде қылмыстық текетірестерге тартылған “киллерді” ұстады.

«Олардың жүрген жері мен тұрғылықты мекенжайына 25 тінту іс-шарасы жүргізіліп, атыс қаруының арсеналы, шетел валютасындағы үлкен көлемдегі ақша, сондай-ақ аса ірі мөлшердегі есірткі құралдары тәркіленді», - делінген хабарламада.

Ұсталғандарға қатысты “күзетпен ұстау” түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Басқа да қылмыскерлерді ұстау және жауапкершілікке тарту шаралары қабылданып жатыр.