Түркістан облысында шетелдік автобус жол жиегіне құлап, 12 адам зардап шекті

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың бәрі жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді

Фото: ІІМ баспасөз қызметі

Түркістан облысында шетелдік автобус жол жиегіне шығып кетіп, соның салдарынан 12 адам зардап шекті. Олардың бәрі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ІІМ баспасөз қызметі хабардар еткендей, оқиға 27 тамыз күні таңғы 07:18 шамасында болған.

«Түлкібас аудандық полиция бөліміне жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен полицейлер Шақпақ ауылының маңында 601 шақырым жердегі жол қиылысында автобус жүргізушісінің қалғып кетуі салдарынан рөлге ие бола алмай, жол шетіндегі ойпаң жерге түсіп кеткен»,, - делінген ПД хабарламасында.

Тексеру барысында автобустың Өзбекстаннан Қырғызстанға жол жүріп бара жатқаны және ішінде шетелдік азаматтар екені белгілі болды.

«Жол-көлік оқиғасының салдарынан жарақат алған 12 адам жақын маңдағы ауруханаға қаралды. Адам шығыны болған жоқ», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі бойынша тіркеліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сараптамалар тағайындалды.

Оқиға орнында Түлкібас АПБ анықтаушылары жұмыс істеп жатыр.