Түркістан облысында ер адам 76 мұғалімнің жалақысын ойынханаға ұтқызып жіберген

Автор: Мира Байбек

Киберқылмыскер 26 миллион теңгеге жуық ақшаны өз шотына аударып алған

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы Шардара ауданында 76 мұғалімнің ақшасын өз шотына аударып, артынан түгелдей ойынханаға жұмсап тастаған ер адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Otyrar.kz жазуынша, киберқылмыскер өз құрбандарын 1С бухгалтерлік бағдарламасы арқылы тапқан. Ер адам 76 педагогтың 26 миллион теңгеге жуық жалақысын өз шотына аударып, содан кейін оны құмар ойындарға жұмсаған.

Тәртіп сақшылары алаяқты Алматыда құрықтап, оның қалтасында шамамен 1,5 миллион теңге қолма-қол ақша барын анықтады.

«Күдікті Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-бөлімі «Ұрлық» бойынша кінәлі деп танылды. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Сондықтан ақшаның 12 миллион теңге көлеміндегі қалған бөлігін жұмсау әрекеті уақытында тоқтатылды», - деді Шардара ауданының прокуроры Руслан Әбдіраимов.

Кейін кибералаяқтың анасы полицияға хабарласып, ақшаны ұлы бергенін айтып, 1,3 миллион теңгені қайтарған. Ал зардап шеккен мұғалімдер ақшаларын жартылай ғана алды. Қалған соманы алаяқ өз қалтасынан қайтарады.