Павлодарда зейнеткер 33 келі марихуанамен ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды

67 жастағы павлодарлықтан 33 келі марихуана тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Павлодар қаласы ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері есірткіні өткізу және сақтау күдігі бойынша 67 жастағы қала тұрғынын ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды.

«Ұсталған азаматтың тұрғылықты жерінен 33 келіден астам марихуана және 3,3 келіден астам гашиш табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кету керек, биыл есірткінің заңсыз айналымы саласында 59 қылмыс, оның ішінде есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өткізуге байланысты 47 факті анықталды.