Оның ішінде 30 азаматты полицейлер Өзбекстанмен шектесетін мемлекеттік шекараға дейін мәжбүрлеп шығаруды ұйымдастырған
Астанада 8 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында қала аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту мақсатында "Учаске" жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Elorda.info сайтына сілтеме жасап.
"Учаске" жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен елорда көшелерінде қайыршылықпен айналысатын 40 шетелдік азамат елден шығарылды. Оның ішінде 30 шетелдік азаматты Нұр-Сұлтан қаласының полициясы Өзбекстанмен шектесетін мемлекеттік шекараға дейін мәжбүрлеп шығаруды ұйымдастырды, 10 шетелдік азамат елден өз бетінше кеткен, – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері көші-қон туралы заңнаманың түрлі бұзушылықтары үшін 288 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.