Былтыр сотқа келіп түскен азаматтық істердің 30 пайызын осындай алаяқтық әрекеттер құраған
Шымкентте алаяқтар онкологиялық ауруға шалдыққан азаматтың атынан 13 компания ашып, сол арқылы өзге заңды тұлғалармен келісім шартқа отырып, жұмысын жалған шот-фактуралар арқылы жүргізіп отырған. Бұл жөнінде Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Махаббат Мұздыбаева мәлімдеді.
«Мысалы Шымкентте онкологиялық ауруға шалдыққан азаматтың атына 13 ЖШС-ны тіркеген. Ол науқастың кәсіпкерлікпен айналысуға ниеті болмаған. Бұл салықтан жалтару үшін ғана ашылған (бір күндік – авт.) компаниялар. Біз азаматтық іс бойынша сондай заңды тұлғаларды тіркеуді, сол заңды тұлғамен түзілген келісім-шарттарды жарамсыз деп тану жөнінде талап арызды қарап, қанағаттандырдық», - дейді Махаббат Амангелдіқызы.
Шымкентте салықтан жалтару мақсатында жоғарыда айтылғандай алаяқтық әрекеттерге баратындар өте көп екен. Мамандардың айтуынша, өткен жылы сотқа келіп түскен азаматтық істердің 30 пайызын осындай алаяқтық әрекеттер құраған.
Арай Есенбек, Шымкент