Аталған жайтты тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің алаяқтық бабы бойынша тіркеді.
Түркістан облысында қызын грантқа түсірмек болған әйел 1 млн теңгесінен айырылды,деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Шардара аудандық полиция бөліміне арызданып келген жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғанын жеткізді. Яғни, танысы 2020 жылдың желтоқсан айында қызыңды жоғары оқу орнына грантқа түсіріп беремін деп сеніміне кіріп, 1 млн теңгесін алып кеткен.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
«Шардаралық тәртіп сақшылары тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен күдіктіні қолға түсіріп, қылмысты ашу мақсатында іздестіру шараларын жүргізді. Қажетті деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде полиция қызметкерлері күдікті ретінде жұмыссыз, Алматы қаласының тұрғынын анықтады.», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, сезікті әйел Шардараға қыдырып келген. Ал алаяқтықпен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Тәртіп сақшылары күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтап жатыр.