Ақмола облысында жол апатынан мотоцикл жүргізушісі мен жолаушы мерт болды

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

Фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысында жол апатынан мотоцикл жүргізушісі мен жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

11 тамызда Целиноград АПБ полиция бөліміне Қарамеңді батыр мен Арайлы ауылдары арасындағы Екатеринбург-Алматы автожолының 1212 шақырымында Ақтөбе қаласының тумасы, Toyota Estima автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі Racer мотоциклінің жүргізушісі мен жолаушысын қағып кеткені туралы хабарлама келіп түсті.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан Жаңаесіл ауылының 25 жастағы тұрғыны, мотоцикл жүргізушісі мен Новоишимка ауылының 25 жастағы тұрғыны, мотоцикл жолаушысы оқиға орнында көз жұмды», - делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтап жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Жалпы, жыл басынан бері Ақмола полицейлері ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы (Жолаушыларды тасымалдау талаптарын сақтамау) бойынша 11 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады, мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін 2106 әкімшілік хаттама толтырылды.