Қайғылы жол-көлік апаты 14 тамызда сағат 16:55-те болған
Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апаты салдарынан төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы жол-көлік апаты 14 тамызда сағат 16:55-те Покровка – Жаңажол автожолының 75-шақырымында болған.
Темір ауданы Покровка – Жаңажол тасжолының 75-шақырымында Темір қаласынан Кеңқияқ ауылы бағытында келе жатқан ВАЗ 2113 автокөлігінің 26 жастағы жүргізушісі қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығып кетіп, Мұғалжар ауданының 50 жастағы тұрғыны басқарып отырған КамАЗ көлігіне соғылған.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ 2113 автокөлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар жеңіл автокөліктің тағы бір жолаушысы түрлі жарақатпен Кеңқияқ аулының ауруханасына жатқызылды», - делінген ПД хабарламасында.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.