Өскеменде аутизмге шалдыққан бала жоғалып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

12 жастағы бала түнгі уақытта үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған

Фото: Polisia NEWS

Өскеменде 12 жастағы бала бір тәуліктен астам уақыттан бері табылмай жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2010 жылы туған Тамирлан Ахмеджанов 14 тамызға қараған түнгі сағат 02:30 шамасында үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған.

Баланың туыстары 14 тамызда күндіз полиция көмегіне жүгінген.

«Полиция қызметкерлері дереу жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Сонымен қатар іздеуге құтқарушылар, кинологтар, ҚР Ұлттық Ұланы сарбаздары мен волонтерлер жұмылдырылған. Қазіргі уақытта олар үйлер мен аулаларды аралап тексеруде. Квадрокоптермен де іздеу жұмысы жүріп жатыр», - делінген ақпаратта.

Баланың үстінде көк жемпір, камуфляжды шалбар, жасыл тәпшіке болған. Тәртіп сақшылары оның қайда екені жайлы қандай да бір ақпарат білетіндерге полицияға хабар беруін сұрайды.

Бала тұратын Согра ауылында еріктілер таратқан парақшада оның аутист екені, сөйлей алмайтыны және эпилепсиямен ауыратыны көрсетілген.