Шолақайда 15 жастағы жасөспірімді өлтірген күдіктіге қатысты тың дерек белгілі болды

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Алматы облыстық соты қылмыскерді түрмеден ерте босатқан судьяның атын атамай отыр

Фотоколлаж

Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылында болған жантүршігерлік қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатқаны белгілі. 15 жастағы қызды алдымен зорлап, кейін өлтіріп, денесін жағып жіберді деген күдікті Рустам Ахметов қамауда. Azattyq Ruhy тілшісі Ахметовтің бұған дейін жасаған қылмыстарының хронологиясын анықтап білді.

Біздің ресми сұраухатымызға ішінара жауап берген Алматы облыстық сотының төрағасы Еліс Әбдіқадыров осы педофилдің қай жылы қандай қылмыс үшін сотталғанын және қай жылы мерзімінен бұрын босап шыққанын баяндап берді.

Ресми дереккөзден білгеніміздей, Рустам Ахметов 2013 жылы Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 2-бөлігі, «а» тармағы және 175-бабы, 2-бөлігінің «а» тармағы бойынша сотталған. Яғни, 2014 жылға дейінгі Қылмыстық кодекс бойынша ол қызды бір топ адаммен, алдын ала сөз байласу арқылы зорлаған және бір топпан адаммен ұрлық жасаған. Және осы қылмыстары үшін 5 жылға сотталған.

Біз ресми сауалымызда Ахметовті осы қылмыстары үшін соттаған судьяның аты-жөнін, қай сотта қызмет атқаратынын сұраған едік. Алайда, сот төрағасы ресми жауабында судьяның аты-жөнін атамай, тек қашан және неше жылға сотталғанын жазып отыр.

«2013 жылы Ахметов Рустам Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 120-бабының 2 - бөлігінің «а» тармағымен, 175-бабының 2-бөлігінің «а» тармағымен көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мүлікті тәркілеусіз түпкілікті 5 (бес) жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталған. Жазаның түзеу колониясының жалпы режимінде өтелуі белгіленген», - деп жазады Алматы облысы сотының төрағасы өз жауабында.

Қылмыскер небары екі жылдан кейін бостандыққа шыққан

Осылайша, топпан адам зорлап және топпен ұрлық жасаған Рустам Ахметов 2015 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққысы келіп өтініш жазған. Талдықорған қалалық соты оның өтінішін қанағаттандырады. Сұраухатымызда сауал жолдасақ та, бұндай шешім қабылдаған судьяның аты-жөні жоқ.

«Рустам Ахметов ҚР ҚК-нің 72-ші бабы бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы талап-тілегімен сотқа жүгінген. Алматы облысы Талдықорған қалалық сотының қаулысы негізінде Сот сотталғанның талап-тілегін, жеке ісін және басқа құжаттарын зерттеп, қорғаушының баяндамасын, мемлекеттік айыптаушы прокурордың сотталғанның талап-тілегі жартылай қанағаттандыруға жататыны туралы қортындысын тыңдап, жәбірленуші Р.Ахметовтың шартты түрде мерзімінен бұрын босауға қарсылығы жоқ екенін ескерді. Осының негізінде және ҚР КПК - нің 480-бабын, ҚР ҚАК-нің 162-бабын басшылыққа ала отырып Сот Рустам Ахметовты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сотталғанның талап-тілегін жартылай қанағаттандыра отырып, бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген бөлігін 2 жыл 4 ай 10 күнге бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырып, ҚР ҚК-нің 44-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сотталушыға пробациялық бақылауды белгілеу бойынша қаулы шығарды. Қаулыға шағым немесе наразылық келтірілмеген», - деп жауап берді Әбдіқадыров.

Яғни, адам зорлаған Ахметов түрмеде небәрі 2 жыл алты ай отырады да шартты түрде бостандыққа шығады. Еркіндікке шыға сала, 2017 жылы ол 16 жасқа толмаған тағы бір қызбен жыныстық қатынасқа түседі. Оның ісін Алматы облысы Панфилов аудандық соты қарайды. Яғни, жуырда ғана Ахметов 15 жасар қызды зорлаған ауданның соты. Моральдық шығын өтеп, жәбір көрген тараппен татуласқаны үшін Панфилов ауданының соты оны алдыңғы қылмыстарын ескерместен, соттамайды.

«2007 жылы Ахметов Рустам Қазақстан Республикасының ҚК-нің 122-бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деп айып тағылып, сотта ісі қаралған. Алматы облысы Панфилов аудандық сотының қаулысы негізінде қылмыстық іс сотталушының жәбірленушімен татуласуына және жәбірленушіге келтірген моральдық зиянның есесін толтыруына байланысты сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатумен осы Кодекстің 67 - бабының 1 - ші бөлігінің негізінде қысқартылған. Қаулыға шағым немесе наразылық келтірілмеген», - деп жауап берді Алматы облысы сотының баспасөз қызметі Әбдіқадыровтың қолы қойылған хатта.