Қазіргі кезде осы іс бойынша тергеу басталып, жедел топ оқиға орнына аттанған
Алматыда тоқ ішегінің ауыратынын айтып шағымданған 11 жастағы баланы туысы дәрігерге апарғанда, жеткіншектің зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Дәрігер балаға бірнеше рет зорлық жасалғанын білген бетте дереу құзырлы органдарға хабарласып, полициямен бірге баланың тұрғылықты мекенжайына барған. Бұл туралы «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Facebook-парақшасында жариялады.
Белгілі болғандай, балаға шұғыл түрде ота жасалуы керек болған.
«Бізге хабарласқан алматылық дәрігер 11 жастағы баланың зорлық көргені туралы айтып берді. Тоқ ішегі тұсы ауыратынын айтып шағымданған бала дәрігер қабылдауына туысымен келген. Дәрігер тексерген соң оның бірнеше рет зорланғанын түсінді. Балаға дереу операция жасау қажет болған. Біз бұл істің егжей-тегжейін қазірше толық айта алмаймыз, бірақ жаға ұстатар жайттарды білдік», - деп жазды Дина Тансәрі.
Дәрігер бұл мәселені туралы үнсіз қалмай, оқиға жайында дереу бас дәрігерге жеткізіп, қоғам белсенділеріне хат жазған.
Қоғам белсендісі аталған жайт туралы ақпарат Алматы полициясы мен прокуратурасының басшылығына берілгенін, қазіргі кезде осы іс бойынша тергеу басталып, жедел топ оқиға орнына аттанғанын мәлімдеді.
Айта кетерлігі, баланы тексерген дәрігер де полициямен бірге оның тұратын үйіне бірге шыққан.