Елордада балаға қол көтерген балабақша тәрбиешісі жазаланды

Автор: Azattyq Rýhy

К. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді

Фото: ашық дереккөзден

Елордалық жекеменшік балабақшалардың бірінде балаға қол жұмсаған тәрбиешіге айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға осы жылдың 7 маусымында болған.

«Аталған дерек бойынша әкімшілік іс қозғалып, тәрбиешінің іс-әрекеті «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы (ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігі) бойынша сараланды», - делінген хабарламада.

Сот отырысы барысында құқық бұзушы К. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.

«Сот К-ны балаға дене жарақатын келтіргені ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігі бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 15 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салған. Баптың санкциясы 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуды көздейді», - делінген сот хабарламасында.

Сот К-ның асырауында он төрт жасқа дейінгі баласы бар кінәлі адамның жеке басын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын ескере отырып, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салды, бұл 45 945 теңгені құрайды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.