Ер адам 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алды
Нұр-Сұлтанда Жоғарғы сот алдында үстіне бензин құйып, өзін өртемек болған азамат қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, 20 шілдеде М. атты азамат ҚР Жоғарғы сот ғимаратының алдында үстіне бензин құйып, өзін-өзі өртеуге оқталған.
Оған қатысты «Ұсақ бұзақылық» (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі) бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
«М.-нің Түркістан облысының бірінші сатылы сотында бүгінгі күні қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің ағасы екені анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот М.-ді ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша құқық бұзушылық жасағанына кінәлі деп танып, 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алды», - делінген сот хабарламасында.
Сот жазаны қоғамға теріс әсер ететін және қоғамға құрметтемеушілік білдіруге бағытталған, қасақана әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.