Басынан ұрған: Атырауда 19 жастағы сарбаз соққыға жығылғанын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 11 шілде күні соққыға жығылған

Атыраудағы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің №2016 әскери бөлімінде борышын өтеп жатқан 19 жастағы маңғыстаулық сарбаз Медет Амангелді медициналық көмекке зәру. Медет 11 шілде күні соққыға жығылған. Содан бері қарай денсаулығы күрт нашарлап кетті. Бұл туралы Azattyq Ruhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға туралы Медеттің туыстары15 шілде күні естіген. Олардың айтуынша, әскери бөлімде оларға «Медеттің есі ауысып, ішіне жын кірген» деп хабарлаған. Осы жағдайға байланысты Медеттің туыстары бүгін, 18 шілде күні Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданынан келіп, әскери бөлімнің алдына жиналды.

Медеттің анасы Дина Мергенбаева ұлының әлсіреп қалғандықтан сөйлейтін жағдайда емес екенін айтып, оған сұрақ қоймауын өтінген. Ол ұлы Медетпен 9 шілде күні ұялы телефонмен сөйлескенде, оның «Мама, уайымдама, менің жағдайым жақсы, қызметімді атқарып жүрмін» деп жауап бергенін жеткізді. Айтуынша, Атырауға соққыдан басынан зақым алған баласының денсаулығын толық тексертіп, оған не болғанын анықтау үшін келіп отыр.

«Баламның басын ЭЭГ, МРТ-ға түсіру үшін келіп тұрмын, бірақ бізге оны алып кетуге рұқсат бермей отыр», - деді анасы.

Медеттің әкесі Октябрь Төлемісов әскери бөлімге шақыртқан жедел жәрдем көлігінің ұлын әкетуге асықпағанын айтты. Әскери бөлімнің алдына келгенде бірнеше минут өткен соң әскерилер Медеттің жедел жәрдем көлігіне отыруына рұқсат берді. Оның қасына анасы бірге отырды, ал әскерилердің бірге баруына туыстары қарсы болып, көлікке кіргізбеді.

ҚР ҰҚК шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаменті бастығының міндетін атқарушы, полковник Ғалымжан Дуюсов дәл қазір комментарий бере алмайтынын, «жоғарыдан келісім алған соң беретінін» жеткізді. Дегенмен, ол Медеттің «медициналық көмекке мұқтаж» екені 15 шілде күні әке-шешесіне хабарланғанын растады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «ҚҰЛАҒЫНА ИНЕ ТЫҒЫП, ТЕМЕКІНІҢ ШОҒЫН БАСҚАН»: АҚТАУДАҒЫ «ТЕҢІЗ ЖАЯУ» ӘСКЕРІНДЕ ҮШІНШІ САРБАЗ ЕСІНЕН АДАСЫП КЕТТІ