Шымкентте Полиция департаментінің рота командирі ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қалалық тергеу соты оны 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді

Фото: ашық дереккөзден

Шымкент қалалық полиция департаментінің рота командирі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Оtyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жергілікті полиция қызметіндегі жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесті.

«Қызметтегі жалпы қамқорлығы үшін инспекторлардан жүйелі түрде 5 мыңнан 10 мың теңгеге дейін пара алып жүрген 8-рота командирінің әрекеті әшкереленді», - делінген ведомство хабарламасында.

Осы жылдың 7 шілдесінде қалалық тергеу соты оны 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, сәуір айынан бері 30-дан астам полиция қызметкері мен олардың сыбайластары қылмыстық істерге тартылды, оның ішінде 4 айыпталушы сот қаулысымен қамауға алынды.