Қазіргі кезде оған қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау қаралып жатыр
Шымкент қалалық қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының міндетін атқарып жүрген орынбасары пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ол өз кабинетінде қамауға алынған.
«2022 жылдың 9 шілдесінде Шымкентте өзінің қызметтік кабинетінде ҚАЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары парақорлық фактісі бойынша жүріп жатыр. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген ІІМ хабарламасында.
Ведомство атап өткендей, оған қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау қаралып жатыр.
«Сыбайлас жемқорлық мәселесі ішкі істер министрлігінің күнделікті бақылауында. Осыған ұқсас фактілер туралы ҚР ІІМ өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабарласуға болады», - деді ведомство өкілдері.