Қазақстан арқылы есірткі тасымалдаған халықаралық синдикаттың жолы кесілді – ҰҚК

Автор: Azattyq Rýhy

Есірткі контрабандасы арнасының бағдары Ауғанстаннан бастау алып, Нидерландқа жеткен

Фото: ашық дереккөзден

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ірі халықаралық есірткі синдикатының заңсыз әрекетінің жолын кесуге бағытталған көпсатылы халықаралық операцияны әзірлеп, іске асырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған қылмыстық топ Таяу Шығыс пен Азия азаматтарынан тұрған.

«Есірткі контрабандасы арнасының бағдары Ауғанстаннан бастау алып, одан әрі Қазақстан аумағы арқылы жүрген, ақырғы баратын жері Нидерланд болған», - делінген ҰҚК хабарламасында.

Осы топ әрекетінің ауқымды географиясын ескере отырып, ҰҚК Нидерланд Корольдігінің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырды.

Операцияның табысты іске асырылуына Орталық Азия өңірлік есірткіге қарсы күрес жөніндегі ақпараттық-үйлестіру орталығы мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қарқынды түрде жәрдем көрсетуі ықпал етті.

Бірлескен жедел іс-шаралар нәтижесінде халықаралық есірткі синдикатының басты қатысушылары анықталды.

«Нидерланд аумағында бақыланатын жеткізу барысында курьер ұсталып, одан Ауғанстанда өндірілген 30 килограмм героин тәркіленді. Бұдан ары Амстердам қаласының құқық қорғау органдары тінту барысында ірі есірткі плантациясын анықтады. Сарапшылардың деректері бойынша, жеткізілетін елде алынған есірткі құралдарының құны 2 млн АҚШ долларын құрайды», - делінген хабарламада.

Анықталған фактілер бойынша Нидерланд құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.