35 жастағы Роман Бекқарнаев бес жылға бас бостандығынан айырылды
Батыс Қазақстан облысында бес адам, оның ішінде жүкті әйел мен кішкентай бала қаза тапқан жантүршігерлік жол-көлік апатына кінәлі деп танылған жүргізуші бес жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мой город» порталының жазуынша, сондай-ақ сот оны жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырды.
19 мамырда Теректі аудандық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамдар өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша айыпталған 35 жастағы Роман Бекқарнаевқа қатысты үкім шығарды. Қайғылы оқиға биыл 1 қаңтарда Самара-Шымкент тасжолында болған еді. Toyota Land Cruiser мен ВАЗ 2112 көліктері соқтығысуы салдарынан бес адам қаза тапты, оның ішінде жүкті әйел мен бір жасар сәби де қаза тапқан болатын. Сонымен қатар екі бала зардап шекті.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, сол күні Роман Бекқарнаев тиісті құжаттарсыз Toyota Land Cruiser көлігінің тізгініне отырып, Қаратөбе ауданынан Орал қаласына жолға шыққан. Сағат 18:00 шамасында ауа райының қолайсыздығына қарамастан (сол күні облыста қарлы боран соғып тұрған – автордың ескертпесі), ол жол қозғалысы ережесін бұза отырып, қарсы бағытқа шығып кетіп, ВАЗ-2112 көлігімен соқтығысқан.
«Жол-көлік апаты салдарынан оқиға орнында бес адам: ВАЗ-2112 көлігінің жүргізушісі Мейрамбек Кеңесов, оның жолаушылары Ұлан Баесов, Гүлмира Меңдіғалиева, Азат Ермекбаев және анасының қолында болған Әлихан Оразай қаза тапты. Гүлмира Меңдіғалиева мен Ұлан Баесовтың тағы екі баласы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді», - делінген іс материалында.
Роман Бекқарнаевтың өзі кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін мәлімдеді. Сотта жәбірленуші, марқұм Ұлан Баесов анасы да қатысып, қылмыскер мен оның отбасы тарапынан ұлы, келіні және екі немересі қайтыс болған соң ешкімнің келіп кешірім сұрамағанын, еш көмек көрсетпегенін айта келе, сотталушыға ең ауыр жаза тағайындауды сұрады. Басқа жәбірленушілер де сондай мәлімдеме жасады.
Сот үкімімен Роман Бекқарнаев кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі ең төмен түзеу мекемесінде, атап айтқанда колония-қоныста өтейтін болады. Сонымен қатар, сот оны жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырды. Сондай-ақ Бекқарнаев жәбірленуші тарапқа 1,8 миллион теңге материалдық шығын мен 3 миллион теңге моральдық шығынды өтеуі тиіс.