Вилен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында Қазақстан қақпасын қорғады
Хоккейден Қазақстанның жасөспірімдер ұлттық құрамасының қақпашысы Вилен Прокофьев қатерлі ісіктен көз жұмды деп жазады «Барыс» хоккей клубының ресми сайты.
«3 ақпан күні «Снежные Барсы» командасының жас қақпашысы ауыр дертпен (сүйек обыры) 4 ай күресіп көз жұмды. Вилен небәрі 18 жас еді... Біз оның туған-туыстарына, достарына қайғыра көңіл айтамыз. Оны осы уақытқа дейін қолдап, жанында бірге болған адамдарға алғыс айтамыз», - делінген аталған хабарламада.
Қақпашының қатерлі дертке ұшырағанын «Барыс» клубы былтыр қараша айында хабарлаған еді. Соңғы үш маусымда ол «Снежные Барсы» клубының қақпасын күзеткен болатын. Жасөспірімдер арасындағы екі бірдей әлем чемпионатында Вилен Қазақстан құрамасының негізгі құрамында айдынға шықты.
Вилен Прокофьев 2001 жылдың 22 сәуірінде Сәтпаев қаласында туып, сол қалада спортшы ретінде қалыптасты. 2013 жылдан бері «Барыстың» қақпашыларды дайындайтын жүйесінде жаттыққан. Вилен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында Қазақстан қақпасын қорғады.