Табылған қару сараптамаға жіберілді
Петропавлда балықшы қармағына мылтық ілікті. Ол ерекше олжасы туралы бірден құзырлы органға хабарлаған. Қазір қарудың қандай да бір қылмысқа қатысы бар-жоқтығы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
26 жастағы қала тұрғыны Борки кентінде Есіл өзенінің жағасында балық аулаған. Оның сөзіне қарағанда, қармағына бір ауыр нәрсе түскен. Ол мылтық болып шықты. Бұл туралы жігіт бірден «102» нөміріне хабарлаған. Табылған қару сараптамаға жіберілді. Нәтижесінде оның тіркелмеген 12 калибрлі қос ұңғылы «ТОЗ-34» аңшы мылтығы екені анықталды. Зерттеу аяқталған соң, қару жоюға жіберіледі. Қарудың қанша уақыт су астында жатқаны белгісіз. Кейбір бөлшектерін тат басқанымен, аңшы мылтығы жақсы сақталған.
«Жігіттің қаруды тауып алғаны туралы бірден полицияға хабарлағаны дұрыс болды. Тіркелмеген қаруды сақтауға тыйым салынғаны туралы естеріңізге саламыз. Мұндай жағдайда қару иелері жазаға тартылады. Қаруды ішкі істер органдарына өз еркімен тапсыру, тек тапсырған адамның әрекетінде басқа қылмыстың құрамы болмаған жағдайда, заңсыз сақтағаны үшін жауапкершіліктен босатады»- дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Ерлан Мәдиев.
Жыл басынан Солтүстік Қазақстанда өз еркімен тіркелмеген 9 қару тапсырылған. Полиция қызметкерлері тіркелген қаруды сақтау қағидалары бойынша, сонымен қатар, заңсыз сақталған қаруды алу жұмыстарын жүргізеді. Жұмыстың мақсаты – атыс қаруын қолданумен жасалатын қылмыстардың қаупін төмендету. Жалпы облыста қаңтар айынан бері заңсыз айналымнан 53 қару алынған.
Айта кетейік, "Қаңтар оқиғасы" кезінде еліміздің бірнеше өңірінде Полиция департаменттері мен ҰҚК ғимараттарына шабуыл жасалып, ондағы қару-жарақ ұрланған болатын. Бас прокуратура бүгінгі күнге дейін мыңдаған қарудың табылмағанын мәлімдеді. Іздеу жұмыстары әліге дейін жалғасып жатыр.