Ақмола облысында көлде әкесі мен қызын толқын алып кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Жаңадан алысқа ұзап кеткен әкелі-балалы екеуді ТЖД өкілдері құтқарып үлгерді

Фото: Ақмола облыстық ТЖД

Ақмола облысында көлде толқын салдарынан жағадан ұзап кеткен әкесі мен қызы құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға Аршалы ауданына қарасты Үлкен Сарыоба көлінің жағасында болған.

Белгілі болғандай, үрлемелі шеңбермен жүзіп жүрген 2008 жылғы қыз бала қатты желдің салдарынан толқынмен жағадан ұзап кеткен.

«Көл жағасына демалуға келген екі отбасының кәмелетке толмаған балалары суға түспекші болады. Алайда 15-20 м/с жылдамдықпен соққан қатты жел салдарынан 14 жасар қыз жағадан ұзап кеткен. Мұны байқаған қыздың әкесі үрлемелі шеңберді алып қызын құтқармақшы болған, бірақ толқын салдарынан өзі де басқа бағытқа қарай ұзап кеткен», - деп түсіндірді ТЖД өкілдері.

Айта кету керек, жақын маңда орналасқан «Сарыоба» демалыс базасында 5 қоғамдық құтқарушы және бір моторлы қайық бар. Олар қызы мен әкесін толқынмен алып кеткені туралы хабарламадан кейін моторлы қайықта құтқару жұмыстарына кіріскен. Алайда техникалық себептерге байланысты моторлы қайық жолда тоқтап қалған. Бірақ қоғамдық құтқарушылар оларды бинокль арқылы бақылауды жалғастырды.

«Қызды құтқарудың сәтсіз әрекетінен кейін куәгерлер 112-ге қоңырау шалып, болған жайт жөнінде хабарлаған. Оқиға орнына Нұр-Сұлтан қаласының Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері келіп, дереу іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Бірінші болып құтқарушылар 1970 жылғы ер адамды және 13 минуттан кейін 14 жасар қызды жағадан 3 шақырым қашықтан тауып, құтқарып қалды. Қазіргі уақытта әкесі мен қызының жағдайы тұрақты, медициналық көмекке мұқтаж емес», - делінген хабарламада.

Ақмола облысының ТЖД судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді.