Украина әскері Лисичанск қаласынан шегінді

Автор: Azattyq Rýhy

Бірақ әскерилер қаланы азат ету үшін қайта оралатынын айтты

Фото: ашық дереккөзден

Украина әскері Лисичанск қаласынан шегінді. Бұл туралы ел президенті Владимир Зеленский мәлімдеді. Бірақ ол қаланы азат ету үшін қайта оралатынын айтты. Бұған дейін Украинаның әскери қолбасшылығы жауынгерлердің өмірін сақтап қалу мақсатында Лисичансктағы сарбаздарын әкету туралы шешім қабылдаған еді. Өйткені Ресей күштері басым болған, деп хабарлайды "Хабар24". 

«Ресейде Украина қалаларын жермен-жексен етуге жететін «Смерч», «Ураган», «Град» сияқты жүйелері бар. Қазір олардың қарулы күштерінің басым бөлігі Донбасста шоғырланған. Олар күн сайын майданның бір бөлігінде ондаған мың артиллериялық снарядтарды қолдана алады. Командирлеріміздің жау басым аймақтардан, әсіресе Лисичансктен сарбаздарды кері қайтаруының себебі бар. Біз тактикамыз бен заманауи қару-жарақ көлемін арттыру арқылы қайта оралатын боламыз», - деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Лисичанск толығымен Ресейдің бақылауына өткенін жуырда осы елдің қорғаныс министрлігі хабарлаған еді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қарулы күштер сондай-ақ, қала маңындағы елді мекендерді де бақылауда ұстап отыр. Естеріңізге сала кетейік, соңғы бірнеше күнде Лисичанск үшін қиян-кескі шайқас жүрген болатын.