БҚО-да ауыл әкімі жол-көлік апатынан қаза тапты

Автор: Мира Байбек

34 жастағы Нұрлыбек Төрешовтің артында жұбайы мен төрт кішкентай баласы қалды

Фото: mgorod.kz

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданына қарасты Тау ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Төрешов көлік рөлін басқара алмай, жол жиегіне аударылып көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Мой город» порталына сілтеме жасап.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жол апаты 23 маусымда сағат 01:50-де Жәнібек-Таловка жолының 25-шақырымында, Тау ауылына жақын жерде болған.

«Volkswagen Polo көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалып, жол жиегіне аударылып кеткен. Ол көлік салонында жалғыз болған. Жүргізуші алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Мәйіт сот-медициналық сараптамадан өту үшін мәйітханаға жіберілді», делінген облыстық ПД хабарламасында.

Марқұм Тау ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқарған. 34 жастағы Нұрлыбек Төрешовтің артында жұбайы мен төрт кішкентай баласы: екі ұлы мен екі қызы қалды. Жәнібек аудандық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, ол өте белсенді, ақжарқын әрі адал адам болған.

«Ауылдық округтердің үздік әкімдерінің бірі болды. Оның бойынан барлық жақсы қасиет табылатын. Нұрлыбектің қазасы бәрімізге ауыр тиді. Кеше ғана мемлекеттік қызметшілер күніне арналған барлық шараға қатысқан еді. Әрдайым әзілдеп, айналасына шуақ шашып жүретін. Өзі спортпен шұғылданатын еді», - деп еске алады әріптестері.

Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімі марқұм Нұрлыбек Төрешовтің туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады.

Қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.