Өртті ауыздықтау шаралары негізінен қолда бар құрылғылармен жаяу жүргізіліп жатыр
Қарағанды облысына қарасты Белағаш орман шаруашылығы аумағындағы табиғи өрт сөндірілді. Сондай-ақ Қарқаралы ауданындағы далалы алқап өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Бұқар жырау ауданындағы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Белағаш орман шаруашылығы аумағында 21 маусымда басталған табиғи өрт 22 маусым күні сағат 22:13-те ауыздықталды. Өрттің жалпы аумағы 101,5 гектарды құрады. Қарқаралы ауданында екі табиғи өрт ошағын сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
«Бірінші өрт аумағы шамамен 400 гектарды құрайды (ол 21 маусымда басталған болатын). Бұта мен шөп жанып жатыр. Екінші өрт ошағының ауданы шамамен 500 гектарды құрайды (ол 22 маусымда тұтанған)», - делінген ТЖД хабарламасында.
Өрт сөндіру жұмыстары таулы және тасты рельефке, жақын жерде су қоймаларының болмауына және екпінді жел бағытының өзгеріп отыруына байланысты қиындай түскен. Сондықтан өртті ауыздықтау шаралары негізінен қолда бар құрылғылармен жаяу жүргізіліп жатыр.
«Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшақтары өртеніп жатқан аумақтарға су төгіп жатыр. Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД күштері, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 52859 әскери бөлімі, орман шаруашылығының ерікті өрт сөндіру бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған», - делінген хабарламада.