Қостанай облысында 20 млн теңгеге салынған жаңа бөгет жарылды
Сапасы дұрыс деп қабылданған бөгет бір жыл өтпей бұзыла бастаған
Жиырма миллион теңгеге салынған нысан Ахмет Байтұрсынұлы ауылында орналасқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті шенеуніктердің олқылығын халықтың түзетууіне тура келді. Көктемгі тасқын кезінде шайылып кеткен бөгетті тұрғындар өз күшімен тұрғызған. Жыланшық өзеніндегі Қарасор мен Ақкөл көлдерінің айрығында тұрған Қарасу бөгеті былтыр 20 млн теңгеге тұрғызылған болатын. Сапасы дұрыс деп қабылданған. Бірақ арада бір жыл өтпей бұзыла бастады.
Бөгет көктемде өзен суын Ақкөл мен Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарының қажетіне бөгеп отыруға арналған. Оны жылда шайып кететін. Алайда жаңасы да биыл сор болды. Астын су үңгіп кеткен бөгеттіің жарылған тұсын бүкіл ауыл болып бөгеген.
Барлық жұмыс асығыс, небәрі бір-ақ күнде тындырылды дейді жұрт. Бөгеттің техникалық талапқа сай болмауы, үстімен өтетін көліктерге де кедергі. Халық арғы беттегі шабындыққа бара алмай әлек. Ал айналма жол 60 шақырымға жуықтайды.
"Мына жерде кеше трактор өтіп бара жатып, аударылып қалды. Үстінде трактор жүретін жер екі-ақ метр. Бөгет құрылысын ешкім қабылдап алған жоқ. Ауданнан ешкім келген жоқ", - дейді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыныРуслан Жақсынбеков.
Шала құрылысты қабылдап алған Жангелдин ауданының әкімдігі сұхбат берген жоқ. Ат-тонын ала қашып, бар кінәні ауыл әкіміне ысырып қойған. Жіберілген олқылықтарға өзі жауап берсін дегендей.
"Биыл су тасқыны былтырға қарағанда қатты болды. Былтыр салынған бөгет әлі нығыздалмаған. Ол әлсіздеу боп тұр. Бұзуын бұзып кетті. Бірақ мердігермен сөйлестік. Ол басқа жерде де нысандар салып жатыр. Ертең техникамыз босағаннан кейін келіп дұрыстап береміз деп айтты", - деді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының әкімі Нұрсұлтан Байділдин.
Бөгет қалпына келтірілгенімен, оның ұзаққа шыдайтынына халық күдікпен қарайды. Бұдан былай аудан бюджетін ысырап етуге жол берілмеуі керек дейді.