ТЖД қызметкерлері тағы 3 бала мен 1 ересек адамды құтқарды
Павлодар қаласында көпқабатты үй пәтерлерінің бірінен өрт шықты. Құтқарушылар өрт ішінде қалған 7 жастағы баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлім еткендей, 16 маусымда сағат 16-04-те «101» пультіне Жаяу Мұса көшесіндегі үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндіру бөлімшелері келген соң он қабатты тұрғын үйдің сегізінші қабатындағы бір бөлмелі пәтердің өртеніп жатқаны анықтады. Сондай-ақ тоғызыншы қабаттағы бір бөлмелі пәтердің пластикалық балконының жақтауы жанып кеткен. Ал оныншы қабатта бір бөлмелі пәтерде жоғары температура әсерінен пластикалық балкон жақтауы түгелдей балқып кеткен.
Өрт сөндірушілер сегіщінші қабаттағы пәтерден 2015 жылы туылған баланың төсекте ессіз күйде жатқанын анықтайды.
«Қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты Сүлейменов Дастан балаға «Фенист» құтқару құрылғысын салып, далаға көтеріп шығарды. Баланы «103» қызметіне тапсырды. Зардап шеккен бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Сондай-ақ өрт сөндірушілер 8-9 қабаттан 3 бала мен 1 ересек адамды құтқарды. Өрт сөндірушілердің сүйемелдеуімен 25 адам, оның ішінде 10 бала эвакуацияланды. Құтқарушылар келгенге дейін 15 адам баспалдақпен өздігінен эвакуацияланды», - делінген ТЖД хабарламасында.
Сағат 16-38-де өрт жойылды. Өрттің шығу себебі анықталуда. Павлодар облысы ТЖД жеке құрамынан 28 адам және 9 техника, АМО, «102», «103» қызметтері жұмылдырылды.
Павлодар облысының ТЖД ата-аналарды кішкентай балаларын үйде жалғыз қалдырмауға шақырады.