Шымкентте Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қару ұрлаған күдіктілер қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктілердің үшеуі де Түркістан облысының тұрғындары

Фото: ашық дереккөзден

Шымкентте Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қару ұрлаған күдіктілер қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қалалық полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Әбдіраманов айтуынша, жедел-іздестіру іс-шараларының барысында тәртіп сақшылары қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы дүкендердің бірінен қару ұрлаған үш күдіктіні ұстаған.

«Олардың екеуі оңтүстік астанада жалдамалы пәтерде тұрған, ал үшіншісі сол достарына қонаққа келген. Қару-жарақ дүкені тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқандықтан, жас жігіттер жағдайды пайдаланып, ұрлық жасау арқылы пайда таппақ болады. Жігіттер дүкеннен қолға түскеннің бәрін алып, бой тасалау үшін Шымкентке кеткен. Жігіттер екі «Сайга» мылтығы мен 70 патронды сатып үлгерген. Полиция қызметкерлері сатып алушыларды ұстаған. Ұрылардың бірі винтовканы өзіне сақтап қойған», - деді Дәулеткелді Әбдіраманов.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 291-бабы «Қару ұрлау» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

«Күдіктілердің үшеуі де Түркістан облысының тұрғындары. Қазір олар қамауда отыр», - деп қосты Әбдіраманов.

Сондай-ақ полиц яөкілдері қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған мылтықтарды анықтау бойынша жедел-іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын, заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырғандар қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын айтты.