Ұсталған адамның санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкері екені анықталды
Шымкентте жергілікті тұрғыннан ақша бопсалап келген жалған полицей ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің хабарлауынша, Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жергілікті тұрғын полицей озбырлығының құрбаны болғаны туралы арызданған.
«Әйелдің айтуынша, бейтаныс адам өзін Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі ретінде таныстырып, оны құқықбұзушылық жасағаны үшін ішкі істер органдарына профилактикалық есепке қоямын деп қорқытқан. Сондай-ақ әкімшілік жауапкершіліктен құтылу үшін «полицей» әйелден ай сайын 80 мың теңге көлемінде ақша беріп отыруды талап еткен», - делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру жұмыстары барысында Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ер адамды ақша алып жатқан жерінен ұстады. Тексеру кезінде ұсталған адамның полицияға ешқандай қатысы жоқ және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкері екені анықталды.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, нәтижесінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады.