$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Інісін 18 жылдан кейін АҚШ-тан тапқан өскемендік жігіт бауырына қайта іздеу салды

2002 жылы бір жасар бауырын АҚШ-тан келген ерлі-зайыпты асырап алып, мұхит асқан

Інісін 18 жылдан кейін АҚШ-тан тапқан өскемендік жігіт бауырына қайта іздеу салды

2020 жылы БАҚ беттерінде жарияланған Теодор Уолтан мен Рүстем Оразғалиев есімді ағалы-інілі бауырлардың өмірбаяны көпшіліктің жүрегін елжіретті. Балалар үйінен сәби шағында екі жаққа бөлінген қос бауыр араға 18 жыл салып бір-бірін тапқан болатын.

Теодор Уолтанның о баста азан шақырып қойған аты-жөні – Марат Оразғалиев. Ағасы Рүстем екеуінің арасы екі жас. Ата-аналары ерте қайтыс болғандықтан екеуі де сәби күнінде балалар үйіне тап болған.

2002 жылы бір жасар Маратты АҚШ-тан келген ерлі-зайыпты асырап алып, мұхит асқан. Ал Рүстемді ШҚО Күршім ауданындағы отбасы бауырына басқан. Осылайша ағалы-інілі балалар екі жақта өскен.

Теодор өзінің жақындарын табу мақсатында әлеуметтік желіге бала күніндегі түскен суретін жариялаған. Бірнеше адам түскен фотода оның ағасы Рүстем де болған. Әлеуметтік желіге жүктелген фотоны қазақстандықтар жан-жаққа тарату арқылы ағайынды жігіттердің бір-бірін табуына көмектесті.

Белгілі болғандай, бұл кезде Теодор Уолтан АҚШ-тың Флорида штатында тұрып жатқан. Ал Рүстем Оразғалиев Күршім ауданындағы мешітте жұмыс істеп жүрген.

Алайда 2020 жылы пандемия басталып, шекаралар жабылғандықтан Рүстем мен Теодордың жүзбе-жүз кездесуіне мүмкіндік болмаған. Олар тек әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп жүрген.

Azattyq Ruhy тілшісі ағайынды жігіттердің хикаясы немен жалғасқанын білу мақсатында Рүстем Оразғалиевқа телефон шалып, жағдайын сұрастырды.

«Бір-бірімізді тапқаннан кейін Instagram арқылы бірталай уақыт сөйлесіп жүрдік. Былтыр аяқ астынан жауап беруін тоқтатты. Қазір де жауап жазбайды. Себебін білмеймін. Сөйлескен кезімізде ол көбіне ата-анамыз туралы сұрайтын. Неліктен екеуміз екі жақта жүрміз деген сияқты сұрақтарды қоятын. Жалпы жақсы, жылы сөйлесіп жүрдік. Көбіне мен жазатынмын. Бірақ ылғи байланысқа шығып, жауап жазып тұратын», - дейді Рүстем Оразғалиев.

Рүстемнің айтуынша, Маратты асырап алған отбасы жайлы болған.

«Ата-анасына қатысты шағым айтқан емес. Барлық жағдайы жақсы болатын. Менімен сөйлесіп жүрген уақытта ол студент еді. Биохимия мамандығы бойынша оқып жүрген. Қателеспесем былтыр бітірді», - дейді ол.

Өкінішке қарай, Рүстемде бауырының ата-анасының да, достарының да телефон нөмірлері жоқ екен. Қазір ол інісінің тағы да із-түссіз жоғалып кеткеніне алаңдап жүр.

«Соңғы рет шамамен 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында сөйлескенбіз. Одан кейін мен әскерде жүрген кезімде жаздым. Бірақ сол уақыттан бері байланысқа шықпады. Бәлкім, оқу бітіргеннен кейін уақыты болмай жүр ме екен деймін. Бауырым болғандықтан кейде уайымдаймын.

Үйдегілер журналистерге хабарласып, іздестіріп көр деп айтады. Өзім әскерден былтыр желтоқсан айында келдім. Әзірге кімге хабарласып, кімнен қандай көмек сұрауға болатынын білмеймін. Ол келе алмаса да, мен барсам деймін. Бауырымды көргім келеді», - дейді Рүстем Оразғалиев.

Серіктес жаңалықтары