$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Үш баласына эпилепсия диагнозы қойылған: шымкенттік ана балаларын емдету үшін көпшіліктен қолдау сұрады

Анасының дипломы жоқ, бірақ қосымша аспаздықты оқып алған

Үш баласына эпилепсия диагнозы қойылған: шымкенттік ана балаларын емдету үшін көпшіліктен қолдау сұрады

Шымкент тұрғыны Камила Жұмалиева – бес ұлдың анасы. Ұлдарының үшеуіне эпилепсия диагнозы қойылып, екі ұлы мүгедек деп танылған. Бірнеше жыл бұрын күйеуінен айырылып, жесір қалған келіншек балаларын тастап жұмысқа шыға алмағандықтан несиелік қарыздары өсіп кеткенін жеткізді. Тұрмыс тауқыметінен қажыған көпбалалы ана Azattyq Ruhy редакциясына хабарласып көпшіліктен көмек сұрады.

Камиланың күйеуі 2018 жылы қайтыс болған, содан бері көпбалалы ана мүгедек ұлының зейнетақысы мен мемлекеттен берілетін жәрдемақыға күн көріп келе жатқанын айтты.

«Менің бес ұлымның үшеуі денсаулық жағдайына байланысты үйден оқиды. Екі егіз ұлым диспансерде, біреуі неврологияда тіркеуде тұрады. Қалған екі ұлым мектепке өздері барып келеді. Жолдасым қайтқалы асыраушымыз жоқ, мемлекеттен өзіме көпбалалы ана ретінде берілетін жәрдемақы мен мүгедектік бойынша ұлыма берілетін зейнетақыға өмір сүріп келеміз. Ол ақша балалардың киімі, тамағы мен емінен артылмайды, тіпті, жетпейді. Ақшамыздың жартысы пәтерақыға кетеді. Қазір жалдап жатқан үйге ай сайын 65 мың теңге төлейміз», - деді ол.

Камиланың дипломы жоқ, бірақ қосымша аспаздықты оқып алған. Бүгінде жұмысқа шығайын десе, ұлдарын қалдыратын адам жоқ.

«Бір кездері аспазшы болып жұмыс істегенмін. Қазір жұмысқа шығайын десем, балаларымды қараусыз қалдыруға қорқамын. Қазір ұлдарым ем алып жатыр, мемлекеттен тегін дәрі беріледі. Бірақ өздері мектепке барып келетіндей жағдайға жете алмай жатырмыз, ол үшін көбірек ем қабылдау қажет. Мемлекет тарапынан берілетін емді білесіз ғой, кезек күтесің, бірде дәрі бар, енді бірде жоқ болып қалады. Арманым – ұлдарым қатарластарынан қалмай, мектепте отырып оқыса, өздерін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінсе екен. Бұл да маған Алланың берген сынағы шығар. Соңғы кездері өзімнің де денсаулығым сыр беріп жүр», - деді көпбалалы ана.

Айтуынша, ұлдарының еміне деп алған несиелік қарызы бар. Күйеуі қайтыс болған соң, жабылмаған 500 мың теңге қалған.

«Кішкентайларынан ұлдарымды тоқтатпай емдетіп келе жатырмын, 100 пайыздан 30 пайызға нәтиже бар. Егіздерім екінші сыныпты бітіріп жатыр, біреуіне әлі күнге дейін памперс кигіземін. Себебі осыдан екі жыл бұрын аяғы сынып, ота жасатып, темір кигізгенбіз. Шынын айтсам, ұлдарымның еміне қаражат керек. Эпилепсия диагнозы қойылған балаларды шипажайлар, логопедтер қабылдамайды. Барлық жерде қасында өзім болуым керек. 2018 жылы күйеуі қайтыс болған, оның ешкімі жоқ жігіт еді. Өзімнің әке-шешем ара-тұра шамалары жеткенінше көмек қолын созып тұрады. Екі сіңлімнің өз отбасы бар. Балаларымды қалдырып, бір-екі рет жұмысқа шыққан едім, бір ұлым талып қалып, басын жарып ауруханадан бір-ақ шықтық. Мүмкіндіктеріңіз болса маған қаржылай қолдау білдірулеріңізді сұраймын. Құжаттарым бәрі қолымда, пәтеріме келіп жағдайымды көремін десеңіздер есігім ашық. Мұқтаждарға көмек қолын созатын мейірімді жандар бар шығар деген үміттемін», - деді кейіпкеріміз.

Редакция Камила Жұмалиеваның ұлдарының диагнозы жазылған құжаттарды көрді. Көпбалалы анаға көмек қолын созамын деушілер болса, карта және байланыс нөмірі төмендегідей:

  • Halyk Bank карта нөмірі: 44 05 63 97 5136 0114;
  • Байланыс: +77477756104.
Серіктес жаңалықтары