Еділ Тешебаев әскерге аттанғалы бері жақындарынан үздіксіз ақша сұраумен болыпты
Маңғыстау облысына әскерге кетіп, үйіне табытпен оралған сарбаздың денесі жер қойнына тапсырылды. 19 жастағы Еділ Тешебаев отбасындағы тұрмыстық жағдайға төзе алмай, өзіне қол салған дейді әскерилер. Тіпті өлер алдында бірнеше хат жазып қалдырыпты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бірақ марқұмның жақындары мен достары хаттағы қолтаңба Еділдікі еместігін айтады. Үнемі туыстары мен жолдастарынан телефон арқылы ақша салуды өтінетін сарбазды әскерде қинап өлтірді дейді олар.
«Туысқандарым, балаларым, бәрі тұр. Анау – үшінші балам. Барлығы келді, бірақ бір балам жоқ қой енді, бір балам жоқ...», - деген әке балаларын құшақтап аңырады.
Ұлының жаназасын шығаруға мәйітті күтіп тұрған әке баласынан айырылып қалғанына сене алар емес. Төрт ұлдың екіншісі – Еділ Отан алдындағы борышын өтеп, әскери қызметте қалуды қалаған екен. Сондықтан былтыр күзде әскерге аттанған. Алайда Бейнеудегі шекара қызметінде борышын өтеп жүрген сарбаздың қаруластары хабарласып, Еділдің енді жоқ екенінайтыпты. Бірақ өлімнің себебін айтқанда «өздері әбден шатасты» дейді марқұмның туыстары.
«Үш адамға үш түрлі айтып отыр. Бірінші пышақтады деп айтады, артынша бәтеңкенің бауына асылып қалды дейді. Енді анасына подполковник «белдігіне асылып қалды, екі белдікт байлап асылып қалды» деген», - дейді марқұмның әкпесі Гүлжәмилә Алтынбекова.
Еділ Тешебаев шекара қызметінде «бір құпияны біліп қойып, қасақана өлтірілуі мүмкін» дейді туыстары. Сондай-ақ сарбаз аттанғалы жақындарынан үздіксіз ақша сұраумен болыпты. Сондықтан әскердегі әлімжеттіктің құрбаны болуы да мүмкін дейді қара жамылған отбасы.
«Біреуден бес мың сұраған екен. Ол ақшаның бәрін не істей береді дедім. Сол кезде 5 мың салып жіберуім керек еді. Мұндай болады деп ойламадым ғой, демек баламнан ақша сұраған. Ақша бермегеннен кейін ұрып өлтірген. Басқа несі бар? Асылып қалды дейді, балам менің асылмаған. Көзім жетеді оған. Бұлар өлтіріп алып, содан кейін жала жауып отыр», - деп күйінеді марқұмның әкесі Бақыт Алтынбеков.
«Жала жабылды» дегенді Еділдің достары да айтады. Себебі, тоғыз айдан бері әскерде жүрген сарбаз өлер алдында үш бірдей хат жазып, өзіне қол салуына үйіндегі тұрмыстық тапшылық себеп болғанын айтқан. Бірақ марқұмның сыныптастары хаттардағы қолтаңба «Еділдікі емес» деп отыр.
Ұлының денесін Ақтаудан алып келген анасы Еділдің шаты көгеріп кеткенін айтады. Медицина саласында істеген ол ұлының қасақана өлтірілгеніне сенімді.
«Мен өзім хирургияда істегенмін, біз де мәйітханадан адам шығарғанбыз. Денесінен жылу кеткеннен кейін мойны, бар жері қатып қалады, қимылдамайды. Мұның мойны, омыртқалары ары-бері айналып жатыр. Оны әдейі өлтірген негізі, сөйткен де, өзі дарға асылды қыла салған», - дейді марқұмның анасы Нағима Нұрбайқызы.
Ал сарбаздың мәйітін жеткізген әскери бөлімнің командирі кешірім ретінде 1 миллион теңге әкелгенін айтқан. Бірақ марқұмның жақындары өре түрегелді. Қазір тергеу жүріп жатқанын айтқан басшы «Еділ жиі есінен танып қала беретін» дейді.
Қазір әскери тергеу басқармасы шекарашының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, арнайы тексеруді бастады. Бірақ бұл туралы не Қорғаныс министрлігі, не шекара қызметіндегілер ресми ақпарат берген жоқ.
Ал бала күннен әскери болуды армандап, 19 жасында әскерден табытпен оралған Еділ Тешебаевтың денесі бүгін туған жері Сарыағашта жерленді.