$ 494.87  520.65  4.91
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Оның халі ешкімді алаңдатпады»: Қарағандыда жас босанған ана ауруханада қайтыс болды

24 жастағы Динара Левенконың екі баласы жетім қалды

«Оның халі ешкімді алаңдатпады»: Қарағандыда жас босанған ана ауруханада қайтыс болды
Фото: instagram.com

Қарағанды ​​қаласының тұрғыны Анара Мағзұмова №1 перинаталдық орталықта дәрігерлер қателігінен әпкесінің көз жұмғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Менің әпкем Левенко Динара Бекболатқызы 29 сәуірде Қарағанды ​​қаласындағы №1 облыстық перинаталды орталықта «кесарь тілігі» арқылы сәбиін дүниеге әкелген болатын. Алайда оны өте ауыр халде үйге шығарып жіберген. Сол кезде оның дене қызуы жоғары болып тұрды. Бір күннен кейін гемоглобин деңгейі 50-ге дейін төмендеп кетті», - дейді бойжеткен.

Оның айтуынша, дәрігерлер шұғыл түрде әпкесінің жатырын алып тастаған. Алайда жағдайы күн санап нашарлай берген жас ана босанғаннан кейін 21-ші күні қайтыс болады.

«Әпкем өмірге құштар жан еді. Осы баланы ұзақ күтіп көтерген болатын, сондықтан да денсаулығына мұқият көңіл бөліп жүрді. Дәрігерлердің кінәсінен, бұлай деп айтудан қорықпаймын, әпкемнің екі баласы жетім қалды. 6 жасар үлкен ұлы күнде түнде оянып, «Анама хабарласындаршы» деп жылайды», – дейді сіңлісі.

Анара Мағзұмова әпкесі тура үлкен ұлының туған күнінде қайтыс болғанын айтады. Олар балаға анасының қайтыс болғанын әлі айта алмай жүрген көрінеді.

«Ол ауруханада жатқан 21 күн ішінде біз дәрігерлерден оның өмірін сақтап қалу үшін шара қолдануды сұрадық. Бірақ жас анада сепсис басталғаны ешкім алаңдатпады. СЭС те, медициналық қызмет сапасын бақылау комитетінің департаменті де селт еткен жоқ. Мұндай медициналық бассыздық қашан тоқтайды? Егер босанғанда ақша төлемесең, онда сені қан кетіп, тозақ отына түскендей күйде тұрсаң да ауруханадан шығарып жібереді!» – деп күйінеді бойжеткен. 

Осылай деген Анара Мағзұмова қоғам белсенділерінен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, кінәлі дәрігерлердің жауапқа тартылуын талап етеді. 

«Новый вестник»  басылымының жазуынша, Медициналық және фармацевтикалық қызмет көрсету сапасын бақылау комитетінің департаменті Қарағандыдағы №1 перинаталдық орталықта тексеру жұмыстары басталғанын хабарлады. Босанған әйелдің медициналық құжаттары зерттеліп жатыр.

Қазіргі уақытта «Медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

 
Серіктес жаңалықтары