Күдікті кінәсін мойындап, ақшаның көп бөлігін өз қажеттілігіне жұмсағанын айтты
Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері 21 жастағы қыздан 2 800 000 теңге ақша салынған пакетін тартып алған тонаушыны ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, есі шығып кеткен қыз бірден полицияға хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, ол күндізгі уақытта Мәмбетов көшесінің бойымен ақшаны есепшотқа салу үшін банкке қарай бет алған. Сол кезде оның артынан келе жатқан белгісіз адам кенеттен пакетін жұлып алып, қаша жөнелген.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласы ПД «Сарыарқа» аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері 26 жастағы тонаушыны Майлин көшесінің бойынан ұстады.
«Анықталғандай, күдікті бұрын бір ай бойы сауда саласындағы компанияда тағылымдамадан өткен, онда жәбірленушінің өзі де жұмыс істеген екен. Тонау жасалғанға дейін қаскүнем ақша ұрлау мақсатында қыздың жүріп-тұрған бағыты мен уақытын алдын ала қадағалап отырған», - делінген ПД хабарламасында.
Күдікті кінәсін мойындап, ақшаның көп бөлігін өз қажеттілігіне жұмсағанын айтты.
Аталған дерек бойынша «Тонау» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұсталған ер адамның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.