Қарт анасының көзінше тепкінің астында қалған жігіт қазір ауруханада жатыр
БҚО-да отставкадағы подполковник шопанды түнгі уақытта үйіне кіріп келіп, аяусыз соққыға жыққан. Ауыр жарақат алған ер адам облыстық ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Мой город» порталына сілтеме жасап.
Сырым ауданы Жымпиты ауылының тұрғыны (ол кісінің өтініші бойынша аты-жөнін жарияламауды жөн көрдік – ред.) 19 мамырға қараған түні көрші ауылдың үш тұрғыны 38 жастағы шрпанның үйіне баса-көктеп кіріп келіп, отбасының көзінше тепкінің астына ала жөнелген. Оқиғаның еріксіз куәгері болған шопанның мүгедек әрі қарт анасы ұлына араша болуға ұмтылады. Ол жанжалға не себеп болғаны белгісіз дейді.
«Қарт анасының көзінше адамды ұрып-соғу адамгершілікке жатпайды. Олар оны сыртқа алып шығып, сөйлессе де болар еді. Қария айғайлап, жылап, жалына араша сұрағанымен, оны ешкім тыңдап жатпаған. Оқиға түнде болғандықтан, ешкімді көмекке шақыра алмаған. Олардың бәрі бірін-бірі таниды, ұрып-соғушылардың бірі – бұрынғы полиция қызметкері, отставкадағы подполковник. Сролай етуге бола ма? Қақтығысқа не себеп болғанын білмеймін. Қойшы жігіт қазір ауруханада жатыр», – дейді ауыл тұрғыны.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі дәрігерлердің ер адамға жабық бас сүйек-ми жарақаты, миы шайқалуы, бірнеше қабырғасының жабық сынуы, бет, бас және бел аймағындағы көгерулер диагнозын қойғанын хабарлады. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Қазір ер адам ауруханада тексеріліп жатыр.
Облыстық полиция департаменті фактіні растап, «Аталған дерек бойынша арыз түсіп, тіркеуге алынғанын» айтты.
Қойшыны ұрды делінген күдікті подполковник 2015 жылы отставкаға кеткен.