Бұл туралы қоғам белсендісі Айгүл Орынбек жазып отыр
Бірнеше күн бұрын Қазақстандағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізетін «НеМолчи» ұйымы әлеуметтік желідегі парақшаларына адам шошырлық видео жүктеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бейнежазба осы жылдың наурыз айында таспаға басылғанын хабарлай отырып, «НеМолчи» ұйымы зардап шеккен қыздың арызын желіге шығарған.
«Осы жылдың 27 наурызынан 28 наурызына қараған түні жолдасым Елнұр Байметов маған күш көрсетіп, денсаулығыма орта деңгейде зиян тигізді, денемнің төрт жері сынды. Оны сот-медициналық сараптама көрсетті. Лифт ішіндегі тепкінің салдарынан менің жамбас сүйегім, қабырғаларым сынып, омыртқама ауыр зақым келді. Ертеңінде күйеуім мені орындықта отырған жерімде ұрып-соқты», - деп жазды зардап шеккен әйел.
Шағымданушы осындай ауыр соққыларға қарамастан күйеуіне қатысты қылмыстық іс бір орыннан қозғалмай тұрғанын айтқан. Жазбаға әлеуметтік желі арқылы жауап берген Полиция департаменті әйелдің күйеуінен тек қолхат алғанын хабарлап отыр.
«Осы арыз бойынша Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Есіл аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша іс қозғады. Сот-медициналық сараптама әйелдің денсаулығына орта деңгейде зақым келгенін анықтады. Күдіктіден ешқайда шықпау туралы қолхат алынды. Тергеу жалғасып жатыр, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды», - деп жазған ол.
Міне осы ресми ақпараттан кейін Шымкент қаласындағы қоғам белсендісі, адвокат Айгүл Орынбек әйелін лифт ішінде аяусыз соққыға жыққан ер адам туралы тың ақпарат жариялады. Жазбасында зардап шеккен әйелді өзі қорғайтынын айтқандықтан келтірген мәліметі де әйелдің берген ақпаратына негізделген болуы мүмкін.
«Мынау бейнежазбадағы жігіт — Шымкентте депутаттыққа үміткер Гүлайым Шунгараеваның ұлы екен. «Инстаграм» желісіндегі direct-іме көмек сұрап шыққан қыздың туыстары «қылмыстық іс қозғалмай, бұрмаланып жатыр» деп шағымданып, көмек сұрады», - деп жазады ол.
Оның айтуынша, Гүлайым Шунгараева былтыр сайлауалды бағдарламасында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресіп, арнайы әйелдерге арналған орталықтарға барып көмек беретінін жазған.
«Гүлайым ханым, Сіз осы зорлық-зомбылық жайттарына қалай араша түсіп, көмек беріп жүрсіз? Әйелді дәл осылай тепкілеп тұрып таяққа жығып, ұрып-соғуға болмайтынын Гүлайым ханым өз баласына үйрету керек бірінші», - деп жазады ол.
Ашық дереккөздерде Гүлайым Шунгараева Шымкент қаласы бойынша «Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау» жөніндегі комиссияның төрайымы екені анық жазылған.
Айгүл Орынбек сияқты біз де Гүлайым Шунгараева осы шулы оқиғадан кейін өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларын өшіргенін байқадық. Тағы бір айта кетерлігі, Шунгараева әзірге БАҚ өкілдерімен байланысқа шықпай отыр.