Айдин Әжіқұлованың 10 мамыр күні үйі өртеніп кеткен
Елорда іргесінде тұратын бүтін бір отбасы бір күннің ішінде далада қалды. Көрші үйдің аумағынан шыққан қызыл жалын әп-сәтте айналаны шарпып, артынша тиіп тұрған жер үйді де отқа ораған.
Айдин Әжіқұлова 10 мамыр күні таңғы сағат 7 жарым шамасында үш баласымен және жолдасымен бірге емханаға кеткен. Алайда араға 40 минут салып, кері қайтқан кезінде келіншек жер үйінің күлге айналғанын көрген.
«Сол күні қатты жел болып тұрды. Көрші үйдің әжетханасында біреу от тұтатқан болуы керек. Бәлкім темекі шеккен немесе қоқысын өртеген көрінеді. Алдымен сол көршінің әжетханасы өртенген. Маңында сол үйдің темір вагоны тұрған. Оның ішінде 3 газ баллоны болған екен. Міне сол баллондар жарылған. Содан кейін өрт сол жердегі біздің әжетхананы шарпыған. Ал оның артынша қызыл жалын желдің екпінімен біздің үйімізге жеткен», - дейді келіншек.
Өрт сөндірушілер келгенше екі бөлмелі үйдің ішіндегі барлық тұрмыстық заттар түгелімен өртеніп кеткен екен. Айдин Әжіқұлованың жанына бататыны тырнақтап терген дүниесінің бір күннің ішінде қоқысқа айналып, баспанасының панаға жарамай қалуы.
«Бір сағаттың ішінде барымыздан айырылып қалдық. Үйімізді 2016 жылы 4 бөлмелі етіп көтердік. Бүгінге дейін оның тек 2 бөлмесін ғана аяқтап үлгердік. Қалғанын келер жылы бітіреміз деген жоспар болды. Өрттен кейін тұрмыстық техникаларымыздың, барлық көрпе-төсектеріміздің, балалардың төсектері мен киімдерінің түгел өртеніп кеткенін көрдік. Абырой болғанда сол күні жеке құжаттарымыз өзімізбен бірге болды», - дейді Айдин Әжіқұлова.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері де үй иелеріне болған жайтқа қатысты мардымды жауап айтпаған екен.
«Олар да өрттің көрші жақтан келуі мүмкін деген болжамдарын айтты. Суретке түсірді. Бірақ олар шығынды ешкім өтеп бермейтінін айтты. Дегенмен отты біреу жақты ғой. Мен үйден шығар кезде барлық қауіпті нәрселерді өшіріп кеттім. Видеоларда да өрттің біздің үйден шықпағаны көрініп тұр. Полицейлер «қарастырамыз» деп кетті. Бірақ бүгінге дейін ешкім хабарласқан жоқ, бірде-бір хабар жоқ. Шынымды айтсам, олардан үмітті үздім», - дейді келіншек.
Айдиннің екі бірдей көршісі де «өртке қатысымыз жоқ» деп ақталған. Осылайша шығынды өтейтін ешкім болмағандықтан келіншек әкімдіктің есігін қағуды жөн көрген.
«Осы күнге дейін үкіметтен алақан жайып көмек сұраған емеспіз. Бұл жолы шарасыздықтан бардық. Бұл жер саяжай алқабы болғандықтан, мұнда тіркеуге тұра алмаймыз. Әкімдіктен келген адам «біз сіздерге ешқандай көмек бере алмаймыз, себебі бұл саяжай алқабы. Қалалық мекен-жай болғанда көмектесер едік» деді. Тек қоқыстарды шығаруға камаз жіберетіндерін айтты. Бірақ ол камаздары да әлі күнге дейін келген жоқ», - дейді Айдин Әжіқұлова.
Есіл ауданы әкімдігіне барып, аудан басшысынан қаржылай көмек сұрауды көздеген Айдин Әжіқұловаға аппараттағылар әкімнің келіншекті тек 19 мамыр күні қабылдайтынын жеткізген.
Айдин Әжіқұлова бүгінде төртінші баласына аяғы ауыр. Жолдасы жақында ғана жұмысқа орналасқан екен. Алайда болған жағдайға байланысты үйді сәл болса да қалпына келтіру үшін күні-түні сонда жүруге мәжбүр.
Қазір отбасы саяжай алқабындағы жалға берілетін үйлердің біріне орналасыпты.
«Қазір көшіп келген үйімізді жалға алдық, айына 35 мың теңгеден төлеп отыру керек. Бірақ өз шаңырағымызға оралғымыз келеді. Бала-шағамыз сол үйде туып өсті. Ол жер бізге ыстық. Біз де осы елдің халқымыз ғой. Шарасыз қалғандықтан, әкімдіктен көмек сұрадым. Бірақ олардың көмек көрсететініне күмәнңм бар. Сол үшін Қазақстан халқынынан көмек сұраймын. Бізде қазір тіпті балалардың керек жарағын алуға да ақша жоқ. Сондықтан да жомарт жандардан қаржылай болсын, материалдық болсын көмек сұраймын», - деді Айдин Әжіқұлова.
Айдин Әжіқұловаға қол ұшын созамын деушілер төмендегі көрсетілген телефон нөмірі арқылы көмек көрсете алады.
Kaspi bank қосымшасы арқылы: 8 708 206 37 31 (Айдин А).