Ақсу әкімдігінде ер адам үшінші қабаттан құлап кетті

Автор: Azattyq Rýhy

22 жастағы жігіт әкімдікте кондиционерге сұйықтық құйып жатқан

Ақсу әкімдігінде ер адам үшінші қабаттан құлап кетті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 мамыр күні шамамен сағат 16.40-та Астана көшесі, 52 мекенжайы бойынша орналасқан ғимаратта ЖШС бірінің кондиционер орнатушысы терезеден құлап кеткен.

"Салдарынан ер адам дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды", - деді департаментте.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында 1999 жылы туған азамат жедел жәрдеммен Ақсу орталық ауруханасына жеткізілгенін хабарлады.

"Бассүйек-ми жарақатының жабық жарақаты, мидың шайқалуы анықталды, маңдай аймағы мен мұрны, оң қолы сыдырылған. Оң жақта 1,11,12-қабырғасының жабық сынуы, өкпе жарақаты, екі жақты жамбас сүйектерінің сынуы, іштің өткір жарақаты және басқа да бірнеше жарақат тіркелген. Сондай-ақ бірінші дәрежелі травматикалық шок алған", - деп жазылған хабарламада.

Жағдайының ауырлығына байланысты анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылған.