Орманда мылтықпен оқ атқан Көкшетау тұрғыны жауапқа тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

48 жастағы ер адамға айыппұл салынды

Фото: slobodnadalmacija.hr

Орманда мылтықпен оқ атқан ақмолалық әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz

26 сәуірде Көкшетау қаласының Полиция басқармасына облыс орталығының 46 жастағы тұрғынынан телефон хабарламасы келіп түсті. Ер адам қала маңындағы орман белдеуінде мылтықтың дауысына ұқсас дыбыстар естілетінін айтты. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың күдіктісін анықтады, ол Көкшетау қаласының 48 жастағы тұрғыны болып шықты. 

Тінту барысында қаскүнемнен ТОЗ-99 винтовкасы табылып, тәркіленді. Қару ұстауға берілген рұқсаттамасының мерзімі – 2025 жылға дейін. 

Аталған факті бойынша құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы (Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын сатып алу, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану тәртібін бұзу) және ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабы (Елді мекендерде атыс қаруынан, газды, пневматикалық, лақтырылатын және электрлі қарудан оқ ату) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Ер адамға 120 мың теңгеден астам айыппұл салынады.