Ақсуда балабақша күзетшісін өлтірген тұрғынға қатысты сот үкімі шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Ол өткен жылдың желтоқсан айында мас күйде күзетшіні өлтіріп қойған

Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты  кісі өлтіру, яғни қасақана өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі қарады (ҚК 99-бабы 1-бөлігі), деп хабарлады Рavlodarnews.kz.

Іс материалына сәйкес, 2021 жылғы 10 желтоқсанда Ақсу қаласында спирттік ішімдіктерді ішу барысында сотталушы балабақша күзетшісінің кеудесінің сол жақ бөлігін қасақана пышақпен ұрған, салдарынан жәбірленуші қайтыс болған.

"Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген. Сотталушының кінәсі мойындау айғақтарынан басқа куәлардың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен расталады", - деді облыстық соттың баспасөз қызметінде.

Кінәсін мойындау мен өкінуді, асырауында жас баланың болуын ескере отырып, сот  айыпталушыны ең жоғары қауіпсіздік ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтей отырып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сотталған адамнан жәбірленушілердің пайдасына моральдік және материалдық зиянды өтеу есебіне 15 жарым миллионнан астам теңге өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.