Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен 14 тәртіп сақшысы ем қабылдап жатыр
Қаңтар оқиғалары кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша өз міндетін орындап тұрған 58 полиция қызметкері мен әскери қызметшілер түрлі ауыр жарақат алған. Бүгінде олардың 14-і ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов шын мәнінде, шабуылдаушылардың кейбіреуі полиция қызметкерлерін өлтірмек болған деп мәлімдеді.
«Мысалы, Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздіктер барысында содырлардың қолынан Республика алаңында қоғамдық тәртіпті сақтауды жүзеге асырған Әуезов аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы ауыр жарақат алды. Оны ереуілшілер аяусыз ұрып-соғып, оның мойнына металл арматурамен соққы беріп, мойын омыртқасын зақымдаған. Алған жарақаттардың салдарынан екі бүйрегі де істен шықты. Оның өмірі күн сайын «жасанды бүйрек» гемодиализімен қамтамасыз етіліп отыр», - деп атап өтті Санжар Әділов.
Бүгінде ауыр жарақат алған тәртіп сақшысы дәрігерлердің бақылауында және оған білікті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Ол отбасының жалғыз асыраушысы болған.