8 үй су астында қалды: ШҚО-да Үбі өзені тасып, Речное ауылының тұрғындары эвакуацияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Қауіпті аймақтан 36 адам эвакуацияланды

Шығыс Қазақстан облысында Үбі өзені тасып, Речное ауылындағы 8 үйді су басты. Қауіпті аймақтан 36 адам эвакуацияланды. Оның 10-ы бала, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өзендегі су деңгейінің көтерілуіне мұз кептелісі себеп болған. Жергілікті атқарушы органдар мен құтқарушылар мұз тоқтаған учаскеде аэровизуалды мониторинг және тексеру жүргізді. Нәтижесінде мұзды қопсыту мақсатында жарылыс жұмыстарын жасау туралы шешім қабылданды. Барлығы 2347,5 кг жарылғыш зат қолданылды. Жарылыс жұмыстарының жалпы ауданы 6067 ш. м. құрады.

20 сағат ішінде су деңгейі көтеріліп, үйлерге кіре бастады. Барлығы 8 үй су астында қалды, оның 6-уы тұрғын және 2-уі тұрғын емес.

Тұрғындар Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдай департаменті және жергілікті атқарушы органдар мен құтқарушыларының бақылауымен дереу үйлерінен көшірілді. 50 бастан астам мал қауіпсіз жерге шығарылды. Оқиға орнына ШҚО ТЖД жеке құрамының 69 қызметкері, 2 жүзу құралы, 11 мотопомпа және 8 бірлік техника, ЖАО-ның 20 қызметкері және 8 бірлік техника жұмылдырылды.

Жергілікті атқарушы органдар қорғағыш бөгет салу бойынша жұмыстар жүргізді. Қоғамдық тәртіпті сақтау және су басқан үйлерден тонау фактілерін болдырмау үшін полиция қызметкерлері жұмылдырылды. 

Естеріңізге сала кетсек, биыл Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды облыстарында су тасқыны тіркелді. 185 тұрғын үй мен 78 саяжай және 2 әлеуметтік нысанды еріген қар суы басты. Тұрғындар қауіпті аймақтан эвакуацияланып, уақытша панамен қамтамасыз етілді. 200-ге жуық ірі-қара шығыны тіркелді. 2021-2023 жылдарға арналған «Су тасқынының алдын алу жол картасы» шеңберінде 167 млрд теңге қаражат бөлу көзделген.

Эльмира Мәмбетқызы